16
қаңтар
2024
Мұсаханова Ұлбала Ермаханқызы

Түркістан облысы Кентау қаласы Байылдыр ауылында көпбалалы кенші отбасында 1970 жылы 12 наурызда дүниеге келді. Байылдыр ауылындағы С.Қожанов атындағы №9 жалпы білім беретін мектепті бітіргеннен кейін, 1985 жылы Кентау кен-металлургия техникумына техник-геолог мамандығына оқуға түсіп, 1989 жылы үздік бітірді. 1998-2003 жылдар аралығында Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің «бүкіләлем тарихы» факультетін жұмыстан қол үзбей жүріп, оқып бітірді.
1989-1995 жыл аралығында Кентаудағы «Ащысайтүстіметалл» комбинатына қарасты тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығының «Балдырған» аула клубында педагог-ұйымдастырушы, 1995 жылы С.Қожанов атындағы №9 жалпы орта мектепке география пәні мұғалімі болып жұмысқа орналасты. 2000 жылдан тарих пәні мұғалімі, 2007-2013 жылдар аралығы мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін, 2013 жылдың қазан айынан бастап мектеп директоры қызметін атқарып келеді.
Жоғары санатты, педагог-зерттеуші, ұстаздың еңбек өтілі 34 жыл.
Еңбек жолын қарапайым мұғалімнен бастап, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, қазіргі таңда Кентау қаласына қарасты Байылдыр ауылындағы С.Қожанов атындағы №9 жалпы білім беретін мектептің директоры қызметін атқаруда. Сонымен қатар, Кентау қалалық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жанынан құрылған Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы.
2020 жылы өткен праймеризге қатысып, онан соң сайлауға түсіп Кентау қалалық мәслихатының VII шақырылымының депутаты, 2023 жылдың наурыз айында қайта сайлауға түсіп, бүгінгі таңда Кентау қалалық мәслихатының VIII шақырылым депутаты болып қызмет атқаруда. Тәжірибелі ұстаз, білікті басшы ретінде өзінің еңбек жолында көптеген шәкірт, сонымен қатар жас ұстаздарды тәрбиелеп, толағай табыстарға жетіп қана қоймай, халық қалаулысы ретінде Кентау қаласының көптеген күрмеуі шешілмеген мәселелерді басшылыққа алып аянбай қызмет етіп келеді. Ол ұжымда өзінің білімділігімен, парасаттылығымен, қарапайымдылығымен, кішіпейілділігімен зор беделге ие жан.
Жұмыс барысында бойынан қайсарлық пен өжеттілік, сезімталдық пен кеңпейілділік, қарапайымдылық пен жанашырлық айқын көрініп тұрады. Бастаған ісін соңына дейін жеткізу, тиянақтылық, талапшылдық пен жинақылық оның өн бойынан табылатын қасиеттер. Оқушыларды тарих пәнінен ҰБТ-ке дайындап, оқушылары жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Ұстаздық еңбек жолында оқушылары түрлі сайыстар мен жарыстардың, пәндік олимпиадалардың жүлдегерлері. Өзінің марапаттары бір төбе. Білім саласында 34 жылдан астам уақыт еңбек ете отырып көптеген қалалық, облыстық, республикалық марапаттар мен алғыс хаттарға, «І Дәрежелі білікті басшы», «За заслуги в образовании», «Кәсіподаққа еңбегі сіңген қызметкер» төсбелгілері мен «Сұлтанбек Қожановқа -125 жыл», «Кентау қаласына - 65 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне -30 жыл», "Кентау шұғыласы газетіне - 90 жыл" мерекелік медаліне, " 100 жаңа есім", "Ұмай ана", "Amanat" партиясының "Белсенді қызметі үшін", "Алпамыс батыр", "Халық құрметі" төсбелгілеріне ие болған. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым Жомарт Тоқаевтың алғыс хаты, Елбасы Н.Назарбаевтың алғыс хаты, облыстық, қалалық, ауылдық әкімдер мен облыстық, қалалық «Amanat» партиясының алғыс хаттары мен мақтау қағаздарымен, облыстық және қалалық білім бөлімдерінің мақтау қағаздары мен алғыс хаттарымен марапатталған.
Негізгі жұмысымен қоса, Ұлбала Ермаханқызы «Байылдыр» бастауыш партия ұйымының төрайымы. Жыл сайынғы президент жолдауын насихаттаушы азаматша ретінде жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.
Отбасылы, екі ұл, екі қыздың анасы. Жолдасы, ұлдары жеке кәсіпкер.
Бір ұлын үйлендіріп, екі қызын тұрмысқа берген, 7 немеренің аяулы әжесі. бір қызы мен келіні өзінің жолын қуып ұстаздық жолда қызмет атқаруда, бір қызы жеңіл өнеркәсіп саласында қызмет атқарады.